Зерде мектебінің Ұстаздарына!

 
Аптаның алғашқы күні. Таңертеңнен жұмысқа келіп “Жұлдыз” журналын қолыма алдым. “Пушкин, Абай және басқалар” Дулат Исабеков. Оқи келе мынадай бір жолдарға жолықтым: “...Сол Пушкин “Натальяға” деген өлеңінде: “Мен араб та, түрік те емеспін, Пайғамбардың насихатшысы да болған жоқпын” деп әлдекімнің алдында ақталғанында өлең жазғанымен, келесі бір сәтте “Алла велик! К нам из Стамбула пришел гонимый янычар” деп күллі Христиан әлемін елең еткізген өлең жазды.” Пушкин бұл өлеңінде соқыр сезіммен табынып, пайғамбарға шын берілгенін растау үшін құранды қиқалап турап жеп қойған надан молланы келемеж етеді.
Осы бір өлеңді мен мектеп қабырғасында естіп едім.
Орыс әдебиеті сабағы. Сол күнгі тақырып Пушкин болды ма жоқ басқа ма есімде жоқ. Әйтеуір Пушкиннің “Құранға еліктеу” деген өлеңін Жаннат Камалқызының оқып бергенін білемін. Тіпті оның үні әлі де құлағымда қалып қойыпты.
Осы күні орысша өлең оқысам, орыс поэзиясына ден қойсам есіме аяулы ұстазым түседі. Оның жұмсақ бірақ дауысы. Өлең оқу мәнері. Сабақтан жалықан біздерді өзіне бұрып, жанды баурап алатын бір сиқыры бәрі де ерекше еді.
Жаннат Камаловна әр сабағында осындай поэзиялық үзілістер ұйымдастырып отыратын. Ең ғажабы кез келген өлеңді жатқа оқитын. Бірде ғашықтар күніне орай бақшада ойнап жүріп, бір-біріне ұнап қалған ғашықтар туралы өлең оқыды. Ақыры екеуі екі жаққа айрылысып жылағанын айтып... қыздың 5-те, ұлдың 6-да екенін жария етіп аяқтайтын өлең еді ол. Ұйып тыңдап отырған біз үшін таң қаларлық жағдайдай болды. Қайта оқып беруін өтіндік. Оқыды. Қандай нәзік иіріммен, толғаныспен алып келіп кішкентай жүректердің талпынысы арқылы үлкен жүректердің тақырыбын ашқан өлең еді деп таңырқағам.
Өзім өлеңді мәнерлеп оқи алмағандықтан өзге оқушыларға қатты қызығамын. Сүйсіне тыңдаймын. Өлеңді жазу бір бөлек те оны нақышына келтіре отырып, тыңдарманға жеткізу бір бөлекқой.
Осы күні кеудемді сағыныш кернесе мектепке барғым келеді. Жаннат Камалқызының өлең оқығанын,
Гульсара
Бекенқызының әр тақырыптан идея іздетіп, тереңіне бойлататынын, Кәмшат Сапарқызының биологиядағы эксперименттерін, Хуан Мәтей ағайдың сабақты оп-оңды бастап келе жатып, басқа әңгімеге көшіп, оны талқылып, тіпті суретін салып тұрып көрсеткенін (айтпақты “баран” деген қазақ сөзінің мағынасын ең алғаш сол ұстазым үйретіп еді), Айнагүл Есенқызына еркелеп ағылшын тілін дұрыс оқымай қойғаным (қандай өкініш десеңші ол бұл күні!),
Баян
апайдың шеберлік сабағындай өтетін қол өнер сабағын, Ең әсерлісі мектеп директоры қызметін атқарған Нағима Сапарқзының құқық сабағы... қысқасы бәрін-бәрін сағынамын.
Жуырда желідегі көп ақпараттың ішінен мынадай бір сауалға кезіктім. “Егер сіз өз өміріңізді кино-сериал ретінде көруіңізге мүмкіндік туса, оның қызықты болатынына сенімдісіз бе?!”- дейді әлгі сауалда. Ойланып қалдым. Сөзсіз балалық шағым мен мектептегі өмірім күлімдеп отырып көруге болатын сериял сияқты.
Кеше ұстаздар күні өтті. Ойыма оралған, біраз дүниелерді бүгін жазып шықтым. Әлі де тарқатқым келеді. Себебі дәл осы ұстаздар мені бүгінгі өзімнің жолыма салып берген еді.

Ақпарат

Мектепте азаматтардан тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамалары талап етілмейтінін хабарлаймыз.