Ақпарат

Мектепте азаматтардан тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамалары талап етілмейтінін хабарлаймыз.

Тіркелу

ІІ Турслет

Он төртінші қыркүйек. Сенбі. Таңғы жеті. Мектеп алды ақ шаңқан автобустар мен рюкзактарын асынып, спорттық киім киген ұстаздар мен оқушыларға, жолазықтарын тастүйін дайындаған ата – аналарға толы. Бұл қарбаластың себебі – дәстүрлі жалпымектептік ІІ туристік слет. Слет бағыты - Ертіс-Қарағанды каналы жүйесіндегі Шідерті өзені бойы. Турслет мақсаты - спорттық шеберліктерін, туристік дағдыларын жетілдіріп,туған өлке тарихын тереңірек танып, салауатты өмір салтын ұстану. Оқушылардың жүздері бал –бұл жанып, автобус ішінде жарасымды әзілдер мен көңілді ән шарықтады. Көз алдыңа «Менің атым Қожа» киносындағы еңбек демалысына бара жатқан эпизодты түсіреді. Қызыл, сары, алтын жапырақты күзгі Шідерті өзені бойы тосыннан келген қонақтардың шуына бөленді. Әр команда өздеріне жер белгілеп, орналасуға кірісті. Көңілді музыка, шаттанған бала дауысы, ата –ана, ұстаздарының тапсырмасын бұлжытпай орындаған балалар әрекетіне қызыға қараған Табиғат – Ана мамыражай тыныштықта. Былтырғы жауынды ауа – райынан ұялғандай, бүгінгі күнге табиғат құбылыстарының демалысқа жайлылығын: жарқыраған күнін, самал желін, ашық аспанын ұсынды. Шідерті өзенінің бойы қызыл –жасылды әсем қалашыққа айналды. Cалтанатты түрде ашылған линейкада география пәні мұғалімі Кенжебекова Ү.Т турслет сайысының бағдарламасымен таныстырды. Сайысқа мектептің барлық 5-11 сынып оқушылары (13 команда), әр сыныптың ата-аналары, мектеп ұстаздары қатысты. Оқушылардың қауіпсіздігі мен экологиялық нормалардың сақталуына қажетті жабдықтарының барлық талаптарын орындаған. Командалар алдын – ала дайындалған бірнеше (14) бекеттерден өтті. Олар: «Жарыс алдындағы дайындық» «Белгіленген маршрут», «Карта бойынша қашықтықты анықтау», «Азимутты анықтау», «Жіптің астынан өту», «Топографиялық белгілерді анықтау», «Параллель жіптерден өту», «Батпақтан өту», «Өрмектен өту», «Туристік түйін», « Туристік-өлкетану» викторинасы, «Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету», «Туристік дағдылар» және «Көркем өнер», «Қабырға» газеті сайысы. Барлық команда мүшелері «бір үйдің баласындай» жұмыла кірісіп, жеңіс тұғырына жетуге бар күштерін салды. Оқушылардың ептілігін, дене еңбегінің мақтылығын, тұрмысқа бейімділігін, білімдерін сараптауда жүлделер 5-7-с., 7-8-с., 9-11-сыныптар арасында белгіленді. Нәтижесінде, І орын – «Достық» (5А), «Ұлағат» (7А), «Еркін елдің ертеңі» (9Б); ІІ орындар: «Бірлік» (6Б), «Жалын» (7Б), «Барыс» (10-с); ІІІ орындар: «Бәйтерек» (6А), «ISBC» (8Б), «Жастар» (11А) және «Хан Тәңірі» (11Б) иеленді. Жалпыкомандалық есеп бойынша Бас жүлде ауыспалы кубокты «Тұлпар» (5Б), «Жалын» (8А), «Жалынды жастар» (9А) командалары жеңіп алды. Палатканың орнатылуы, отын жинауда құрғақ, сынып қалған бұтақтар, қоқыстарды орналастыру, қол жуатын орындар, ошақ қазу тәртібі, алаңның дұрыс қоршалуы, безендіруде барлық командалар алға шықты. «Уақытпен су қайнату» - өте қызықты әрі жылдамдықты, ептілікті қажет ететін сайыс болды. Қазанға құйылған суық суды 9А сыныбы 4 минутта қайнатып, жеңімпаз атанды. Екібастұз қаласының өндірісі, тарихы туралы «Өлкетану» викторинасы сұрақтарына барлық командалар білімдерін көрсете білді. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету. Алғашқы медициналық көмек көрсету,жарақат алған адамды тасымалдауда тасымалдағышты өздері қолдан жасап, медициналық білімдерін толық көрсеткен сыныптар:6б, 7а, 8а, 10, 11а,11б. Күш сынасу, ата –аналар арасында арқан тарту сайысы да өте қызықты өтті. Кешкілік слеттің жабылу салтанатынан кейін лагерь орнын жинау, қоқысты бөліп (түр-түрімен, қағаз, пластик, ас қалдықтары) салу да оқушыларды тазалыққа, туған өлке табиғатын аялауға бағыттаған үлкен өмір сабағы болды. Ата –ана, оқушы қауымы мектеп ұжымына зор алғыстарын білдіріп, бір күнгі қызыққа толы мекендерін қимай, көңілді әуенмен әр бекеттегі қызықтарын айтып, дабырлап ақ шаңқан автобустарға отырды. «Шідерті» мекеніне: «Келесі «Турслет -2020» кездескенше» деп қоштасып жатты. Алда оларды қиыны да қызығы мол оқу жылы, терң білім берер сүйікті білім ошағы- - «Зерде» мектебі күтуде. Ұстаздар қауымы да осындай керемет сенбілік күнді ұйымдастырған мектеп директоры Кафизов Нұржан Бахриденұлына, гография пәнінің мұғалімі Кенжебекова Үміт Тұрсынтайқызы мен ұйымдастыру комитеті мүшелеріне зор алғыстарын білдірді.